CITY NATURE CHALLENGE: Алматы алғаш рет қалалық жабайы табиғаттың жаһандық байқауына қатысады
26-29 сәуірде әлемнің барлық құрлығындағы 675-тен астам қалада IX жыл сайынғы City Nature Challenge (CNC) өтеді. 26 сәуірден бастап, сағат 12:01-де әр уақыт белдеуінде, CNC дүйсенбі күні, 29 сәуір, сағат 23:59-ға дейін жалғасады.

Жаһандық іс-шара тәжірибелі және қадамын енді бастаған ғылыми еріктілер, табиғат пен ғылымды сүйетіндер, сондай-ақ барлық жастағы және әртүрлі білімі бар адамдарды ауқымды жобаға қатысуға шақырады. ІNaturalist платформасы арқылы жабайы өсімдіктер, жануарлар және саңырауқұлақтардың фотосуреттерін жіберіп байқауға қатысуға болады. Сейсенбі - 30 сәуірден жексенбі күні - 5 мамырға дейін онлайн қауымдастық байқау кезінде суретке түсірілген түрлерді сәйкестендіреді және бүкіл әлем бойынша бақылаулардың жалпы санын зерделейді, Байқау қорытындысы 6 мамырда жарияланатын болады.

Алматыдағы ұйымдастырушылар – Big Almaty Team еріктілер тобы, Ботаника және фитоинтродукция институты, Зоология институты және «Табиғатты қорғау биологиясының ашық зертханасы» сараптамалық бастамашыл тобы. Байқаудың серіктестері – «Бәрібаев 36-дағы үй» кеңістігі және танымал жабайы табиғат фотографы, блогер Дмитрий Доценко.
Жаңа Бас жоспарға сәйкес Алматыда жасыл аймақтарды үш есе ұлғайту көзделген, бұл жануарлар мен құстардың мекендеу ортасы кеңейетінін білдіреді.
«Қалалық жабайы табиғат бұл қалалық орта мен нағыз табиғат ұғымдарын біріктіретін феномен. Бұл табиғи процестер адамның тікелей араласуынсыз, өздігінен өрбитін қала ішіндегі орындарға қатысты. Қазір әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалымдар қалалық ортадағы табиғатты зерттеуге тырысып жатыр. Биыл жаһандық қозғалысқа Алматы қаласының қосылғаны қуантады», - деп атап өтті «Алматыбасжоспар» ҒЗИ ғылым жөннідегі директоры Ерлан Салтықов.
Оңтүстік астана – жабайы табиғаттың сирек кездесетін түрлерімен түйісетін ерекше қала. Мұнда құстардан арша ементұмсығы, балтажұтар, қырғауыл, сушылқараны, көкқұсты кездестіруге болады. Өткен жылы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша Сайран көлі тазартылды. Көл түбі мен жағасынан 140 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды. Қала тұрғындары тазалаудан кейін көлде балықтар пайда болғанын, үйректердің жүзіп, жемін іздеп, аққұтандар ұшып келгенін айтады. Сондай-ақ, Алматыдан 30 км радиуста қар барыстары мекендейді.

Ғалымдар бір уақытта барлық жерде бола алмайды, сондықтан табиғат әуесқойларының көмегінсіз олар көптеген кереметтерді жіберіп алар еді.
IX City Nature Challenge Лос-Анджелес округінің табиғи тарих мұражайы мен Сан-Францискодағы Калифорния ғылым академиясымен өткізіледі. Өткен жылы төрткүндік байқауға әлемнің 450-ден астам қаласынан 66000-нан астам адам қатысты. Қатысушылар iNaturalist-ке 1,87 миллионнан астам табиғат бақылауын қосты және ғалымдар бұл деректерді қалалық жабайы табиғатты түсіну және сақтау үшін пайдалануды жалғастырады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қатысушы қалалардың саны 2023 жылы 450-ден 2024 жылы 675-ке дейін өсті, бұл іс-шара тарихындағы ең қарқынды өсудің бірі болды. Бұл өсім жаһандық бағдарламаға 206 жаңа жоба қосқан Үндістандағы ұйымдастырушылардың қатысуына байланысты болды. Тарихта алғаш рет Қазақстан байқауға қосылды. Натуралистер жарысы Қарағанды мен Алматыда өтеді.
ҚАЛАЙ ҚАТЫСУҒА БОЛАДЫ. Жаңа қатысушыларға да, қоғамдастықтың тәжірибелі ғалымдарына да қатысу оңай:

1. Жабайы жануарлар, өсімдіктер және саңырауқұлақтардың мекендейтін жерлерін табыңыз. Бұл сіздің қалаңыздағы кез келген жабайы өсімдік, жануар, саңырауқұлақтар, шараналы саңырауқұлақтар немесе тіршіліктің кез келген басқа белгілері (қауырсындар, тері, іздер, қабыршақтар, ұшалар) болуы мүмкін. Сіздің қалаңызда бен оның айналасында биологиялық алуан түрлілікті табу бойынша кеңестер алу үшін ұсыныстарды мына сілтемеден қараңыз.

2. INaturalist көмегімен тапқаныңызды суретке түсіріңіз және / немесе аудио жазбалар жазыңыз.

3. Сіздің бақылауларыңыз сәйкестендірілген уақытта iNaturalist туралы көбірек біліңіз!

Қосымша ақпарат және оқыту материалдары: citynaturechallenge.org

Тіркелу оңай әрі тегін. Өз браузеріңізде inaturalist.org парақшасына кіріңіз немесе Apple App Store не Google Play Store-ден iNaturalist жүктеп алыңыз.
Дереккөз: «Алматыбасжоспар»
Фото: «Алматыбасжоспар» баспасөз қызметі, CITY NATURE CHALLENGE логотипі