Қалалық брендбуктер мен жеке бренд: кәсіпкерлер маңдайшалар форматы бойынша ұсыныстарды талқылауда
«Алматы бас жоспары» ҒЗИ-де бизнес-қоғамдастықтың өкілдерімен қаланың дизайн-коды шеңберінде брендбуктерді әзірлеу тәсілдеріне ұсыныстар жинау бойынша жобалық семинар өтті.

Кездесу барысында Алматы қ. дизайн-коды жобасының бас сәулетшісі Тахмина Сафоева қатысушыларға кіру топтары мен маңдайшалардың дизайн нұсқаларымен таныстырды.
«Ғимараттардың бірінші және екінші қабаттарындағы тұрғын емес үй-жайлардың маңдайшалары мен кез келген басқа сыртқы ақпарат, түс пен әрлеу материалдары қасбеттердің сәулеттік стиліне сәйкес келуі және ғимараттың сәулетін қабылдаудың тұтастығын бұзбауы тиіс. Жалпы, жергілікті жердің сәулеттік ансамблін ұстану қажет», - деп атап өтті әзірлеушілер тобының жетекшісі Тахмина Сафоева.
Маңдайшаларды орналастыруға жол берілмейді:

1) тұрғын емес объектілердегі шатыр және қасбеттік қондырғыларды қоспағанда, үй-жайға кіру тобының шегінен тыс;
2) электрондық таблоларды (шатыр және қасбет қондырғыларын қоспағанда) не жүгіртпе жолдарды пайдалана отырып;
3) балкондардың қоршаулары мен плиталарында, лоджиялар мен эркерлерде;
4) сәулет элементтері мен ғимараттың келбетін жабу арқылы;
5) терезе ойықтарында және витриналарда, ойықтың 30% - дан астам ауданын жаба отырып;
6) қасбеттің бүйір шегінен тыс және қасбет жазықтығынан шыға отырып;
7) тұрғын үйлердің кіреберістерінің шегінде;
8) тік бағытта;
9) кіреберістер саны бойынша бір бірліктен артық мөлшерде.
Алматы елдің сауда және мәдени орталығы болып табылады. Сондай-ақ, қалада қызмет көрсету саласы дамыған. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, 2023 жылы ғана Алматыда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындардың саны 315,2 мың субъектіні құрады. Олардың көпшілігі сауда, тамақтану және қызмет көрсету саласында жұмыс істейді, қарқынды дамып келеді, демек әрбір екінші компанияның өз бренді мен маңдайша форматы бар.

Презентациямен танысқаннан кейін кәсіпкерлер брендбуктерге «Маңдайша» және «Кіру тобы» бағыты бойынша өз тілектерін білдірді.
«Asia beauty» сұлулық салондары желісінің иесі Әсия Әбитаева маңдайшалар бойынша брендбук сыртқы жарнаманы безендіруде бірыңғай стиль жасайтынын атап өтті.
«Маңдайшалар мен кіру топтары үшін түстердің бірыңғай гаммасын жасау, қаріптерді стандарттау каталогын құру қажет деп санаймыз», - деді іскер әйел.
«Абаттандырудың барлық элементтеріне «айдентика» мен ұлттық символиканы енгізуді ұсынамыз - бұл ұлттық мақтаныш сезімін, Отанымызға деген сүйіспеншілікті нығайтады», - деп атап өтті қызмет көрсету саласындағы бизнес өкілі – «Космокомес» ЖШС иесі Юрий Бабич.
Сондай-ақ, туризм саласының өкілдері сыртқы жарнама және маңдайша форматы бойынша мәселелер осы сала үшін де өзекті екенін атап өтті. Сонымен қатар, биыл оңтүстік астанаға қонақтардың үлкен ағыны күтілуде. Визуалды компонент - бұл қандай болмасын орынның тартымдылығының негізгі көрсеткіштерінің бірі.
«Туризм саласының өкілі ретінде маңызды мемлекеттік объектілердің кіру топтарын тақырыптық түрде безендіруді ұсынамын, бұл қалаға шынайылық қосып, оны қонақтар үшін қызықты етеді», - деп атап өтті «Evis travel» компаниясының басшысы Светлана Миниханова.
Кездесу соңында кәсіпкерлер ұйымдастырушыларға мазмұнды және қызықты бағдарлама, көптеген пайдалы ақпарат және нәтижелі диалог үшін алғыстарын білдірді.
«Кәсіпкерлер Алматының дизайн-коды аясында брендбуктерді жасауға қызығушылық танытады, өйткені әрбір бизнес-объект үшін маңдайша – қатысудың маңызды элементі. Маңдайшадан клиенттердің ағынын және сәйкесінше сауданың өсуін қамтамасыз ететін жеке брендтің қалыптасуы, тану басталады. Бүгін бірқатар қызықты ұсыныстар айтылды, әзірлеушілер ескереді деп үміттенеміз», - деп қорытындылады Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Нияз Жалғасұлы.
Дереккөз: «Алматыбасжоспар»
Фото: «Алматыбасжоспар» ҒЗИ баспасөз қызметі