Президент Ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты
Мемлекет басшысы Алматы қаласының тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты ақпарат беретін Ахуалдық орталықты аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қала әкімі Ерболат Досаев аталған орталық Big Data талдауы мен Open Data тұжырымдамасын енгізу негізінде сапалы шешімдер қабылдау үшін тиімді құрал болатынын айтты.

Бұл орталық мегаполистегі өмірдің барлық аспектісіне қатысты деректерді жинап, талдауға, халықты құлақтандыруға және қала билігінің тұрғындармен арадағы кері байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Алматының Ахуалдық орталығы қала тіршілігінің барлық саласын қамтитын 53 модульден тұрады. Деректер 50-ден астам ұйымнан, сондай-ақ мемлекеттік және қалалық ақпараттық жүйелерден (Ұлттық статистика бюросының сайты, «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы», «109 қызметі», «Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі», «Сергек», «Оңай», Метрополитен, ТЖД және т.б.) жиналады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес балалардың қауіпсіздігіне айрықша мән беріледі. Былтыр Алматыдағы барлық мемлекеттік мектеп пен балабақшаларда алғаш рет кешенді қауіпсіздік жүйелері енгізілді. Мемлекет басшысына оның цифрлық бейнебақылау камералары, дабыл түймелері, өртке қарсы қауіпсіздік жүйелері, Face ID қондырғысы бар арнайы турникеттер секілді 4 бөліктен тұратыны жөнінде баяндалды.
дереккөз: aqorda_resmi