2027 жылға қарай Алматыда жеңіл рельсті көлік желісі іске қосылады
Фото: pixabay
Жаңа LRT жеңіл рельсті трамвай жүйесінің бірінші бөлігін 2027 жылға дейін салу жоспарланып отыр. Ол Б.Момышұлы, Төле би көшелерімен және Райымбек даңғылымен қаланың шығыс шекарасына дейінгі аумақты қамтиды, деп хабарлайды Kazinform.

Бұл туралы 2030 жылға дейінгі қаланың көлік қаңқасының шебер-жоспарын таныстыру шарасы барысында жобаны әзірлеуге атсалысқан Александр Ованесов айтты.
«Көлік қаңқасы BRT, LRT және метро сияқты жоғары жылдамдықты қоғамдық көліктердің дамуына негізделген. 2030 жылға қарай қалада ұзындығы шамамен 300 км болатын 42 көлік дәлізі құрылады. Қаланың қалған бөліктеріне тұрғындарға 10-15 минут ішінде жақын маңдағы жедел көлік аялдамасына жетуге мүмкіндік беретін тасымалдау маршруттарын іске қосу жоспарланған», - деді Александр Ованесов.
Сонымен қатар, ол қолданыстағы метро желісі Алматының батыс шекарасына дейін тартылғанын тілге тиек етті.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, көлік қаңқасының инфрақұрылымын құруға 5 жылдан 7 жылға дейін уақыт қажет. Бұл Алматының қоғамдық көлігін жүйелі трансформациялау элементтерінің бірі болады. Мысалы, БРТ жылжымалы құрамының бағалау паркі (автобустар, электробустар, троллейбустар) 3,9 мың бірлік. Жолаушылар инфрақұрылымын қолданыстағы 1208 аялдамадан 1245 аялдамаға дейін кеңейту көзделіп отыр.

Инфрақұрылымды салумен қатар, қала қоғамдық көліктің ыңғайлылығы мен қолжетімділігін арттыру бойынша ұйымдастырушылық шараларды да енгізеді.

Келесі жылы жол ақысын төлеудің көп нұсқасын (біржолғы билеттер, абонементтер), соның ішінде сапар аясында бір бағыттан екінші бағытқа тегін ауысу мүмкіндігін қамтитын жаңа тариф әзірленіп, енгізіледі.

Сонымен қатар, автобус маршруттарын оңтайландырып, олардың тұрақты әрі жиі қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланған.
дереккөз: kaz.inform.kz