1. Авторлық қадағалауды Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңның 33-бабының 6-тармағында және 74-бабының 1-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, барлық құрылыс объектілерінде жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеушілер жүзеге асырады.
2. Объектілерді салу барысында жүргізілетін авторлық қадағалау шарт негізінде жүзеге асырылады. Авторлық қадағалау объектіні салудың (реконструкциялаудың, реставрациялаудың, кеңейтудің, техникалық қайта жарақтандырудың, жаңғыртудың, күрделі жөндеудің) не аяқталмаған объектілер құрылысын консервациялаудың бүкіл кезеңі ішінде қолданыстағы нормативтерге сәйкес объектілерді салуға арналған жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында көзделетін қаражат есебінен міндетті түрде жүзеге асырылады. Құрылыс объектісі аяқталған кезде авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлға Тапсырыс берушіге (құрылыс салушыға) орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытынды береді.
2-2. Авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардың: 1) тиісті салынып жатқан объектіге кіріп-шығуға; 2) салынып жатқан объектіге қатысы бар құжаттамамен танысуға; 3) авторлық қадағалау журналына енгізілген өз нұсқауларының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға; 4) Тапсырыс беруші мен мердігерден (бас мердігерден) бекітілген жобада көзделген жобалау шешімдерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарының мүлтіксіз сақталуын талап етуге; 5) мердігердің (бас мердігердің) құрылыс барысында мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерді бұзушылықтарды және (немесе) бекітілген жобада көзделген жобалық шешімдерден ауытқуларды міндетті түрде жоюы туралы жазбаша нұсқаулар беруге құқығы бар.
2-3.Авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар: 1) құрылыс барысында бекітілген жобада көзделген жобалық шешімдердің дәл орындалуын қамтамасыз етуге; 2) авторлық қадағалау журналын тұрақты және тиісінше жүргізуді жүзеге асыруға; 3) жасырын жұмыстарды куәландыру және жауапты конструкцияларды аралық қабылдау актілерін ресімдеуге және оларға қол қоюға қатысуға; 4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына негізделген өзгерістер енгізу жөнінде уақтылы шешімдер қабылдауға; 5) мердігер (бас мердігер) нұсқауды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда бұл туралы Тапсырыс берушінің назарына жеткізуге, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органының тиісті бөлімшесін хабардар етуге; 6) объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қосымшаларды нақты өлшеулер жүргізе отырып толтыруға міндетті.