Сарапшылардың пікірінше, өңір-өңірде палигондардың астында қалмау үшін қоқысты жинау ретке келтіріп, айыппұлдар енгізу керек. Мәселен ауқымы мен тұрғыны көп Алматыда қоқысты сұрыптайтын, өңдейтін зауыт әлі жоқ.
Сәулетші және өнеркәсіптік дизайнер Айдар Ерғалидің айтуынша, қоқысты қайта өңдеу, тұрмыстық және өндірістік ағынды суларды тазарту, энергия тиімділігі, суды үнемдеу қазіргі заманғы, өркениетті қаланың мәдениеті мен дамуының белгісі.
«Менің ойымша, тұрмыстық қалдықтардың ішінде проблема туғызатыны органикалық бөлігі. Халықты қоқысты сұрыптау жинауға үйрету керек. Бұл бағытта тәртіп орнауы үшін қатаң шаралар қолданбаса болмайды. Мысалы талапты қатаңдатып, айыппұл салынған соң көлікте қауіпсіздік белдеуін тағып жүруді үйрендік қой. Органикалық қалдықтарды дұрыс жинап, оны биоөңдеуге (өңдеудің түр-түрі бар әрі табысты бизнес) жіберген соң ғана сұрыптаудан бастап қайталама қолдануға дейін қалған технологиялық тізбек іске қосылады. Содан кейін ғана ең соңында түкке жарамайтын қалдықтар гидролизді пештерге өртеуге жіберіледі», - дейді Айдар Ерғали.
Басқа елдер тамақ қалдықтарын қалай игереді
Q-lab әлеуметтік жобалау бөлімі органикалық қалдықтарды жинаудағы басқа елдердегі ахуалға шолу жасады. Көптеген ел органикалық қалдықтарды кәдеге жаратуға, соның ішінде нанды қайта өңдеуге тырысады. Мәселен Ұлыбританиядағы ToastAle сыра қайнату компаниясы ашытқы жасау үшін ескі нанды пайдаланады. Тағы бір компания FeedBack қайырымдылық ұйымы тамақ қалдықтарын азайтумен айналысады. Бұл компаниялар ескірген нанды жинау үшін наубайханалар және супермаркеттермен серіктестік орнатқан. Бұл жоба тамақ қалдықтарын азайтып қана қоймай, сонымен қатар тағамды шамадан тыс тұтыну мен кәдеге жарату мәселесіне назар аударады.
Францияда «нан» операциясы жұмыс істейді. Бастама дүкендер мен наубайханалардан нан қалдықтарын жинауға бағытталған. Жиналған нан мал азығына өңделеді немесе биогаз жасау үшін қолданылады. Бұл шара тамақ қалдықтарын жоюдың тұрақты әдісі және полигондардағы қоқыс көлемін азайтуға көмектеседі. Италиядағы Pane Quotidiano қайырымдылық ұйымы супермаркеттер мен наубайханалардан артық нан мен басқа да азық-түлік өнімдерін жинап, оларды аз қамтылған отбасылар мен үйсіздерге таратады. Бұл ұйым жүз жылдан астам уақыт бойы мұқтаж жандарға тегін тамақ беріп келеді.