Микромобильділіктің келешегі қандай? Сарапшы пікірі
Үлкен қала ұзын-сонар кептелістер. Көлік кептелісі әлдеқашан жаһандық әлемдік құбылысқа айналды. Әр қала бұл проблемаларды өз бетінше шешіп келеді.

Кептеліс мәселесін шешудегі урбанистік тәсілдер қозғалыс трафигін басқаруға, жол инфрақұрылымын пайдалануды оңтайландыруға және қоршаған ортаға жағымсыз әсерлерді азайтуға бағытталған түрлі стратегияларды қамтиды. Алматыда осы аталған барлық бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың қаңтарында қаланың көлік қаңқасының мастер-жоспары қабылданды, қоғамдық көлікті дамытуға ден қойылды, қаланың батыс шекарасына қарай метро станциялары салынып жатыр. BRT, LRT дамыту үшін құрылым қалыптасырыла бастады.
Күн жылына сала көшелерде велосипедтер мен самокаттар қарасы көбееді. Жылдам эко көлікке артықшылық беретін алматылықтардың сану өсіп келеді. «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов жол жүктемесінің проблемалары, көлік қаңқасының ерекшеліктері және микромобильді көліктің дамуы үшін не істеліп жатқаны туралы айтып берді.
«Алматыда кейінгі жылдары велокөлік үшін инфрақұрылымды құруға көп көңіл бөлінді. Қалалық мобильділік басқармасының мәліметтері бойынша қазіргі уақытта қалада 92 шақырымға жуық вело-инфрақұрылым жабдықталған. Веложолақтардың ұзындығы 25 км құрайды, веложолдар - 67 шақырымға жуық. Жібек жолы даңғылы, Өтепов, Торайғыров және Кекілбайұлы көшелерінде оқшауланған веложолдар бар екенін атап өткен жөн. Себебі қазір ыңғайлы заманауи электр самокаттар кеңінен қолданылып келеді, самокат жүргізушілері веложолдар мен веложолақтарды белсенді қолданып жүр» - деп атап өтті спикер.
Жыл басында Алматыда кикшерингтік самокаттар саны шамамен 17 мың бірлікті құрады. Өткен жылы олармен 14 миллионнан астам сапар жасалды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Бұл ретте самокаттардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалар саны 2023 жылы 35%-ға, 41-ден 27 оқиғаға дейін төмендеді. Самокаттардың жылдамдығы 25 км / сағ. дейін жетеді. Саябақтар, бульварлар және адамдар көп жүретін көшелерде самокат тебушілер жылдамдықты автомат түрде 10-15 км-сағ-қа дейін төмендетуі керек. Жол қозғалоысы қағидаларына сәйкес, тротуарларда самокат жүргізушісі сағатына 6 км-ден жылдам жүрмеуі керек. Бұл шара авариялық жағдайлар қаупін азайтады.

Асхат Садуовтың айтуынша, көлік қаңқасында «соңғы миль көлігін» одан әрі дамыту үшін велосипед қозғалысы үшін ең қажетті дәліздерде веложолдар желісін ұлғайту көзделген.
«Электросамокаттар – бұл біршама жас көлік түрі. Самокаттар кейінгі бірнеше жылда ыңғайлығы және экологиялық тазалығы арқылы танымал болды. Әдетте, барлық жаңа нәрселерге үйреніп, машықтану үшін уақыт қажет. Иә, бастапқыда самокатқа қатысты жаяу жүргіншілердің көзқарасы теріс болды, ал самокат жүргізушілерінің өздері үшін де бәрі жаңа болды, қателіктер, жарақаттар орын алып жатты. Бірнеше жылдан кейін біз көліктің бұл түрі уақытты бағалайтын, мобильділікті жақсы көретін алматылықтардың күнделікті өміріне қалай үйлесімді енгенін байқаймыз. Статистика да оң динамиканы растайды. Бір сөзбен айтқанда, микромобильділік мәдениеті дамып келеді», - деді Асхат Садуов.
Урбанист микромобильді көлікті пайдаланудың негізгі артықшылықтарын атап өтті:

- Көліктік проблемалардың азаюы. Самокаттар ірі қалалардағы көліктік проблемаларды жеңілдетуі мүмкін. Өйткені олар адамдарға қысқа қашықтыққа оңай жүруге мүмкіндік береді. Бұл қоғамдық көліктердегі жүктемені азайтуға және жолдардағы көліктердің санын азайтуға көмектеседі.

- Денсаулық. Самокаттарды пайдалану белгілі бір физикалық дайындықты қажет етеді, ал самокатпен саяхаттаудың өзі белсенділікті ынталандырады және адамдарға белсенді өмір салтын сақтауға көмектеседі.
- Экологиялық пайда, өйткені самокаттар ауаны пайдаланылған газдармен ластамайды.
«Алайда, самокаттың максималды тиімділігі үшін самокат жүргізушілері үшін де, автокөлік иелері үшін де жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажетті инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ оларды заңнамаға сәйкес пайдалануды реттеу маңызды екенін ескеру қажет. Самокат жүргізушілері көлік иелері сияқты жолдарда жауапты болуы керек деп санаймын», - деп түйіндеді Асхат Садуов.
Дереккөз: «Алматыбасжоспар»
Фото: «Алматыбасжоспар» баспасөз қызметі