Пилоттық жоба: «stroad»-тың болашақ көшесінің үлгісіне трансформациясы
Алматы Райымбек батыр даңғылының көлік артериясын қайта құруда
АЛМАТЫ
Көз алдыңызға күн сайын 100 мыңнан астам көлік зулап өтетін алты жолақты магистральді елестетіңізші. Жаяу жүргіншілер көлік ағынынан өміріне қауіп төндіріп әрең өтеді. Жергілікті бизнес өкілдері көлік түтінінен, бейберекет салынған құрылыстан зардап шегуде. Бұл алыстағы бір мегаполистің проблемалық ауданының сипаттамасы емес, бұл Алматының жүрегі әрі ең үлкен мәселесі – бүгінгі Райымбек батыр даңғылы. Бірақ қала түбегейлі өзгеріс жасауға бел буды: ескірген «stroad»-ты заманауи, адамдар үшін жасалынған көшенің үлгісіне айналдырмақ. Бұл реконструкциялау жай ғана жөндеу емес, бұл ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған пилоттық жоба: Алматыда алғаш рет ұзын даңғылдардың  бірінің (Райымбек батыр даңғылы 6 аудан арқылы өтеді!) кеңістігі кешенді түрде «қасбеттен қасбетке дейін» қайта құралатын болады.
“
«Stroad» – қалалық кеңістік дерті
«Райымбек батыр даңғылы «stroad»-тың классикалық үлгісі», – деп түсіндіреді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры, сәулетші және урбанист Асхат Садуов. Оның командасы аталмыш даңғылды өзгерту жобасын әзірлеген. Ағылшын тіліндегі «street» (көше) және «road» (жол) сөздерінің тоғысуынан туындаған бұл термин, барлығына ыңғайлы болуға «тырысқанымен», екі талаптың бірін де орындай алмайтын магистральдерге берілген үкім іспетті.
Фото: Асхат Садуов, «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры, сәулетші, урбанист
Тарихи тұрғыдан алғанда транзиттік дәліз ретінде (6-8 жолақты, бағдаршамдары аз) жобаланғанымен, уақыт өте келе оның айналасында өмір қайнай бастады: тұрғын үй кешендері, мектептер, ауруханалар, дүкендер пайда болды. Нәтижесі қандай?
“
«Жаяу жүргіншілерге автобустарға жету немесе жолдың арғы бетіне өту қиын... Магистраль тас жол сияқты жоғары өткізу қабілетін де, көше сияқты жайлы қалалық ортаны да қамтамасыз ете алмайды. Бұл кеңістік ешкімге де қолайлы емес: жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де, жолаушыларға да, бизнеске де», – деп түйіндейді Асхат Садуов.
Емдеу жолы: «қасбеттен қасбетке дейін» реконструкциялау
Алматылықтар жай ғана «жолды жөндеп» жатқан жоқ. Қалалық дизайнда төңкеріс жасауды көздеген олар, қала үшін басты әрі ең ұзын даңғылда «қасбеттен қасбетке дейін» пилоттық қағидатты жүзеге асыруда. Бұл дегеніміз барлығы өзгеретін болады:

Жаяу жүргіншілер кеңістігі
Тар, қираған тротуарлар өткеннің еншісінде қалады. Олардың орнын кең (3 метрге дейін), тегіс жолдар алады, олар тактильді плиткалармен және пандустармен (еңісі ≤ 5%) жабдықталады. Тек алғашқы екі учаскенің өзінде 170 000 м² жаңа жаяу жүргіншілер аймағы пайда болады.
“
«Адамдар шулы автотрасса бойында емес, жайлы қалалық бульварда жүргендей сезінетін болады», – деп түсіндіреді урбанист.
Жасыл желек пен жарық
Даңғыл жасыл желекке оранатын болады, мұнда 370 000 м² ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған. 17 км-ден астам жаңа кабель желілері қауіпсіз жарықтандыруды қамтамасыз етеді. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері де жаңартылады.

Сәулеттік үйлесімділік
Жарнамалар мен маңдайшалардың ретсіздігін дизайн-кодқа сай бірыңғай стиль алмастырады. «Мысалы, маңдайшалардың биіктігі 4.5 м-ден аспауы керек, жүгіртпе жолдарға тыйым салынады», – деп түсіндіреді әзірлеушілер. Бұл визуалды шуды жойып, эстетикалық тартымды орта қалыптастырады.

Көлік революциясы (BRT)
Түрленудің басты элементі – бүкіл даңғыл бойында Bus Rapid Transit (BRT) жүйесін енгізу. Бұл автобустардың орташа жылдамдығын 70%-ға арттырып, қозғалыс аралықтарын 4-7 минутқа дейін қысқартады деп күтілуде. Бөлінген жолақтармен (шеткі немесе орталық – учаскеге байланысты) заманауи автобустар жүретін 9 магистральдық бағыт іске қосылады. Ыңғайлы платформалары бар аялдамалар жолаушылардың оңай ауысуы үшін қиылыстарға жақын орналастырылады.
“
«BRT арқасында қоғамдық көліктің жылдамдығы да, тартымдылығы да артып, қаланың шығыс және батыс бөліктерінің байланысы жақсарады», – деп атап өтті институттың көлік жоспарлау бөлімінің мамандары.
Қауіпсіздік басты назарда
Интеллектуалды бағдаршамдар, 250-ден астам жаңа белгі мен көрсеткіш, реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері, «тар аймақтарды» жою (бір ғана учаскеде 482 мың м²-ге жуық толыққанды төсемді сақтау), мұның бәрі жол-көлік оқиғаларын едәуір азайтуға бағытталған. Кең тротуарлар мен жасыл бульварлар адамдар мен машиналар арасындағы физикалық тосқауыл болады.

Әлемдік тәжірибе: Алматы үшін алынар сабақтар
Неліктен BRT (Bus Rapid Transit) және неліктен қазір? «Біз жаңалық ашып жатқан жоқпыз, керісінше, халықаралық тәжірибеге сүйенеміз», – деп атап өтті Асхат Садуов және нақты деректерді келтіреді.

Ташкент (2023 жылдан бастап): BRT арқылы жолға кететін уақыт екі есеге жуық қысқарды, жолаушылар ағыны 25-30%-ға өсті.

Ыстамбұл (Metrobus): Жолаушылар ағыны 3 есеге артты, қозғалыстың орташа жылдамдығы 45%-ға өсті.

Богота, Колумбия (TransMilenio): Жүйе күніне 2 миллионнан астам адамды тасымалдап, жол жүктемесін айтарлықтай азайтты.

Дегенмен, әзірлеушілер сын-қатерлерге: мінсіз жоспарлау қажеттілігіне, жеткіліксіз қаржыландыру қаупіне, көліктің басқа түрлерімен интеграциялаудың маңыздылығына назар аударады. Алматыдағы осы пилоттық жобаның табысы жүйелі түрде іске асырылуына және үздік тәжірибелерді жергілікті жағдайға бейімдеуге байланысты болады.

Жайлылық экономикасы: бизнес не ұтады?
Даңғылдың қазіргі жағдайы шағын бизнесті тұншықтырып отыр. Реконструкциялау бұл жағдайды өзгертіп, оның дамуына серпін бермек.
Әзірлеушілер атап өткендей: «Біз жаяу жүргіншілер ағынының артуын, демалыс аймақтарының пайда болуын және ретке келтірілген автотұрақтардың ашылуын күтеміз. Бұл тікелей кіріске айналады: әлемдік тәжірибе көрсеткендей, абаттандырудан кейін шағын бизнестің кірісі 10-30%-ға дейін өсуі мүмкін». Тартымды қасбеттер, клиенттер үшін ыңғайлы қолжетімділік, жылжымайтын мүлік құнының өсуі, осының бәрі қалалық сапаға салынған инвестициялардан алынатын нақты дивидендтер.
Болашақ көрінісі: ХХІ ғасыр көшелері үшін пилоттық жоба
“
«Барлығы үшін жайлы заманауи қала көшесін елестетіңізші. Бөлінген жолақпен BRT қатынайды, кең әрі көлеңкелі тротуарларда адамдар серуендейді. Барлық жерде бірыңғай сәулеттік стиль, визуалды шусыз таза қасбеттер, тік көгалдандыру... Көлік шуы азайған, кептелістер өте сирек, ауа таза», – деп жобаның соңғы келбетін сипаттайды сәулетші.
Райымбек батыр даңғылын қайта құру жолды реконструкциялау жұмыстарынан әлдеқайда ауқымды іс. Бұл Алматыдағы «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша көшені толық қайта құрудың алғашқы әрі ең ірі пилоттық жобасы. Ол 2040 жылға дейінгі Алматының бас жоспарының жүзеге асырылуының басталуын білдіреді, бұл жоспар полиорталықтыққа, сапалы жаяу жүргіншілер ортасына және болжамды қоғамдық көлікке басымдық береді. Бұл қаланың болашағы автомобильдерге емес, адамдарға басымдық берілетін кеңістіктерде екенін білдіретін белгі. Егер осы өршіл пилоттық жоба толық көлемде жүзеге асса, ол жай ғана жергілікті өзгеріс емес, бүкіл аймақ үшін урбанистік трансформацияның үлгісіне айналып, Алматының басқа да магистральдарындағы болашақ өзгерістер үшін модель бола алады.

Жобаны урбанист, бас директор Асхат Садуовтың жетекшілігімен «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты жүзеге асыруда. Жоба сарапшылардың, қала тұрғындарының пікірлері, урбанистикалық зерттеулер мен стейкхолдерлер қатысқан жобалық семинарлардың нәтижелері ескеріле отырып әзірленді. Бұл қаланы дамытуда жаңа стандарт қалыптастыруға негіз болды.
Дереккөз: «Алматыбасжоспар» ҒЗИ
Фото және рендерлер: «Алматыбасжоспар» ҒЗИ көліктік жоспарлау бөлімі, Владислав Филатов gradoblog.ala