Әкім сәулет өнеріндегі әлемдік үрдістерді ескере отырып әзірленген дизайн мен жобалаудың жаңа технологияларын енгізу қажеттілігіне назар аударды. Бүгінде жаңа қалалық бағдарламаларды әзірлеу кезінде үш өлшемді кеңістіктегі құрылыс нысандарын модельдеу Building Information Modelling (BIM), геодезиялық, геологиялық және картографиялық деректерді ескере отырып, геоақпараттық модельдеу жүйесі Geographical Information System (GIS) және басқа да озық технологиялар белсенді түрде енгізілуде.
Айта кетерлігі, Алматыда ағымдағы жылдың 10-11 қарашасында алғаш рет «Қазақстан-2023» XVIII қала құрылысы форумы мен Қазақстан Сәулетшілер одағының форумы өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетелдерден келген сәулетшілер мен қала құрылысшыларының кәсіби қоғамдастығының өкілдері жиналды. Форум аясында Қонаев қаласында көшпелі сессия өтеді, онда Алматы облысы G4 қаласының бас жоспарының жобасы және «Алматы қаласының қала маңы аймағы аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасын өзектендіру (Алматы агломерациясы)» жобасы таныстырылады. Еске салсақ, Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі Кешенді жоспары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында әзірленген, Алматы және Алматы облысының мәслихаттары мақұлдаған және 2023 жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс. Кешенді даму жоспары Алматының өзінде де, оған іргелес Алматы облысының аудандарында да тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарының озық дамуын үйлестіруге және теңгерімдеуге мүмкіндік береді.