Болашақ көлігі «цифрда». БҰҰ ESCAP семинары
Қалалық көліктің цифрлық түрленуі: ұлттық семинар және аймақтық жиналыс негізгі кезеңдер ретінде
Заманауи сын-тегеуріндер, инновациялық шешімдер: Алматыда өткен қалалық қоғамдық көлікті интеграциялау және цифрлық технологияларды қолдану бойынша ұлттық семинар және өңірлік кеңес

Ағымдағы жылдың 28-30 мамыр аралығында «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС базасында екі негізгі шара өткізілді: қалалық қоғамдық көлік жүйелерін интеграциялау және цифрлық технологияларды қолдану бойынша Ұлттық семинар мен Өңірлік кеңес. Бұл іс-шаралар көлік инфрақұрылымын дамыту жүйесінде стратегиялық маңызға ие, өйткені олар қалалық қоғамдық көлік саласына озық цифрлық технологияларды талқылауға және енгізуге бағытталған.


Ұйымдастырушылар Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссия (АТМЭӘК), Алматы қаласының әкімдігі, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ болды. Бұл маңызды оқиға идеялар мен тәжірибелермен бөлісу және стратегиялық серіктестіктер құру үшін мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, академиялық қоғамдастықтың және жеке сектордың өкілдерін жинады.


Іс-шараға АТМЭӘК-ке қатысушы елдерден: Қазақстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Армения, Әзірбайжан, Тәжікстан, Бангладеш, Малайзия, Шри-Ланка, Пәкістан, Моңғолия, Грузия, Индонезия, Мальдив аралдары және т.б. көлік саласындағы сарапшылар қатысты.
БҰҰ АТМЭӘК атынан қалалық қоғамдық көлік жүйелерін интеграциялау және цифрлық технологияларды қолдану бойынша Ұлттық семинардың жұмысын Мадан Б. Регми мырза ашты. АТМЭӘК көлік бөлімінің өкілі қалалық қоғамдық көлік жүйелерінің тұрақтылығы мен интеграциясына аймақтық шолу жасады.


«Алматы даму орталығы» АҚ (АДО) басқарма төрағасы Андрей Шовкопляс таныстырылымды көрсете отырып, сөйлеген сөзінде қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қаланың артықшылықтары мен мықты жақтарын қолдайтын және арттыратын, сондай-ақ проблемаларды шешуге және әлсіз жақтарын нығайтуға бағытталған бағдарлама іске асырылып жатқанын атап өтті. «Алматының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» шеңберінде жобаларды іске асыру кезінде үздік әлемдік тәжірибелер пайдаланылады, жергілікті сарапшылар мен тұрғындардың пікірі ескеріледі.
«Қоғамдық көлік қала тұрғындарының қозғалыс жайлылығында, жол кептелісін азайтуда және ауа сапасын жақсартуда шешуші рөл атқарады. Мақсат – қоғамдық көліктердегі күнделікті сапарлар санын 2025 жылға қарай 300 мыңға және 2030 жылға қарай 900 мыңға арттыру», - деді Андрей Шовкопляс.
Сондай-ақ, кеңес барысында АДО «Алматы-Смарт сити» бастамасы аясында қалалық қызметтерді цифрландыру, қаланы, оның ішінде көлікті басқарудың тиімділігін арттыру үшін үлкен деректер мен ақылды технологиялар талдауын енгізу бойынша жұмысты жалғастырып жатқаны айтылды.
«2030 жылға дейін біз қоғамдық көлікпен тасымалдау сапасын жақсартуды, жылдам маршруттардың санын көбейтуді және LRT жеңіл рельсті көлігінің бірінші желісін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл күш №1 орнықты даму мақсатына – «Қалалар мен елді мекендерді инклюзивті, қауіпсіз, орнықты және экологиялық таза етуге» қол жеткізуге бағытталған», - деп қорытындылады АДО Басқарма төрағасы.
Спикерлердің сөйлеген сөздері мен панельдік пікірталастары көлік ағындарын басқару, маршруттарды оңтайландыру, электронды төлем жүйелерін енгізу, жолаушыларға арналған мобильді қосымшаларды әзірлеу, қалалық көліктің орнықтылығы мен экологиялылығы сияқты көптеген тақырыптарды қамтыды.
Ұлттық семинар аяқталғаннан кейін қалалық қоғамдық көлік жүйелерін интеграциялау және цифрлық технологияларды қолдану жөніндегі өңірлік кеңес басталды, онда цифрлық инновацияларды табысты іске асырудың мысалдарын ұсына отырып, көліктік интеграция және цифрлық технологиялар саласының көшбасшылары сөз сөйледі. Бұл мысалдар заманауи технологияларды енгізу арқылы қалалық көлік ландшафтын өзгерту әлеуетін көрсетеді.

Қалалық қоғамдық көлік жүйелерінің орнықтылығы мен интеграциясын арттыру сұрақтарына, осы саладағы жергілікті және ұлттық проблемалар мен перспективаларға назар аударылды.
«Алматыдағы өңірлік кеңес цифрлық технологиялардың қалалық қоғамдық көлік саласына жаһандық ықпалдасуына жәрдемдесу бағытындағы маңызды қадам болды. Біз 20-дан астам елден келген қатысушылардың озық тәжірибелерімен алмасқандарына, заманауи көліктік сын-қатерлері үшін ортақ шешімдер таба алғандарына қуаныштымыз», - деп атап өтті Пәкістан Ислам Республикасы Байланыс министрлігінің бөлім қызметкері Сайед Минхас Махмуд мырза.
Армения Республикасы аумақтық басқару және инфрақұрылым министрлігінің автомобиль-көлік саясаты басқармасының бастығы Рузанна Айвазянның пікірінше, кеңес көлік интеграциясы және цифрлық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасудың маңыздылығын айқындады, сондай-ақ қатысушылардың осы бағыттағы одан әрі ынтымақтастыққа дайындығын дәлелдеді. Бұл үздік халықаралық тәжірибе алмасу және қалалық көлікте заманауи технологияларды дамыту ісіне өз бастамаларын енгізу үшін бірегей мүмкіндік.
«Алматыдағы өңірлік кеңес қоғамдық көлікті барлық қала тұрғындары үшін тиімдірек әрі ыңғайлы етуге ұмтылатын кәсіпқойлар арасында белсенді диалог пен тәжірибе алмасу үшін тиімді алаң ұсынды. Біз осы саладағы цифрлық технологиялардың интеграциясы алға қойылған мақсатқа жетуде шешуші рөл атқаратынына сенімдіміз», - деп атап өтті Әзірбайжан жерүсті көлігі агенттігінің көліктік жоспарлау департаментінің директоры Фуад Джафарли.
Өңірлік кеңес бірқатар маңызды қорытындылармен аяқталды. Қатысушылар арасында тәжірибе және білім алмасу қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру бойынша негізгі идеяларды бөліп көрсетуге мүмкіндік берді.
«Кеңесте талқыланған идеялар мен ұсыныстар қалалардың дамуына, сондай-ақ барлық азаматтар үшін қоғамдық көліктің қолайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға оң әсер ететініне сенімдіміз. Баршаңызға белсенді қатысқандарыңыз және көлік жүйесін дамытудағы ортақ іске қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз», - деп қорытындылады АДО Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ғабдуллина.
Дереккөз: «Алматыбасжоспар»
Фото: «Алматыбасжоспар» баспасөз қызметі, Қайрат Қоныспаев, Алматы Ақшамы \ Вечерний Алматы