Бүгін даңқты мүсінші, еңбек сіңірген сәулетші, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау республикалық қоғамының төрағасы Шот-Аман Уәлиханов қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді. "Шот-Аман Ыдырысұлы өзінің саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнады. Ол біздің халқымыздың тарихи ескерткіштерін жасауға, еліміздің маңызды тұлғаларын дәріптеуге, сәулет құрылыстарын салуға қомақты үлес қосты", - деп жазды министр Instagram-да. Шот-Аман Ыдырысұлы Қазақстан Республикасы елтаңбасының авторы. Ол Алматыдағы Тәуелсіздік монументі авторларының шығармашылық тобын басқарды. Семейдегі Ш.Уәлиханов, Т. Бокин, Шәкәрім ескерткіштерін жасаушы. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы, "Алматы бас жоспары" ҒЗИ ЖШС Шот-Аман Уәлихановтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.